Шымкентте көлікке ұрлыққа түскен студент ұсталды
Шымкентте көлікке ұрлыққа түскен студент ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, ауласында тұрған BMW көлігіне белгісіз адам ұрлыққа түскен. Автокөліктің есігін заңсыз ашу арқылы ішінде болған қара сөмке мен 550 мың теңге ақшасын ұрлап кеткен. Полиция қызметкерлері хабарды алған бойда күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдады. Тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел тергеу тобы құрылып, шұғыл-іздестіру жұмыстарына кірісті.
Нәтижесінде күдікті азамат тәулік ішінде анықталып, басқармаға жеткізілді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 19-да, студент. Тергеу кезінде белгілі болғандай, күдікті сағат 16:01 шамасында көше бойында ешкім жоқтығын пайдаланып, маңайдағы үйлердің біріне қақпадан заңсыз кірген.
Аулада тұрған автокөліктің ішіндегі қара сөмке мен ақшаларды ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Қаржыны бас пайдасына жаратпақ болғанымен, үлгермей қалған. Ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, заңсыз әрекетке қаржы тапшылығынан барғанын жеткізді.
Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оған қатысты ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.