Маңғыстау облысында мыңнан астам жасөспірім түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген
Маңғыстау облысында үш айда мыңнан астам жасөспірім түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдарының басым бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бұл ретте кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары қызметінің маңыздылығын атап өткен жөн. Кәмелетке толмағандардың заңға бағынуын бақылау және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция қызметкерлерімен тұрақты негізде профилактикалық іс-шаралар және құқық қорғау бағытындағы акциялар ұйымдастырылып тұрады. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер ювеналды полиция инспекторларының жіті назарында.
Мәселен, жыл басынан бері Маңғыстау облысында 1417 жасөспірім түрлі құқық бұзушылықтарға жол берген. Оның ішінде, кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуы бойынша 56 дерек тіркелді. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 442-бабына сәйкес 1294 жеткіншек түнгі мезгілде тұрғынжайдан тыс жерде болған.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандармен орын алған 65 бұзақылық дерегі тіркелді. Құқық бұзушылардың заңды өкілдері ӘҚБтК-нің 435-бабымен жауапкершілікке тартылды. Оларға тиісті мөлшерде айыппұл салынды. Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-тің 448-бабымен екі дерек анықталды. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар ата-аналарына қатысты заңда көзделген ережелерге сай шара қабылдады.