Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада студенттерге есірткінің зияны мен құқықтық жауапкершілік түсіндірілді

Елордада жастар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кезекті профилактикалық акция және дәріс Сейфуллин атындағы университеттің бірінші курс студенттері арасында өтті.

Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылып, бірінші курс студенттерінің қызығушылығын тудырды. Іс-шараға Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшелері Ернар Омаров пен Мирзада Сейтқали қатысты.

Кездесу барысында жастарға мотивациялық тұрғыдан қолдау көрсетуге ерекше назар аударылды. Психолог-маман жастардың мінез-құлқына әсер ететін психологиялық факторлар, саналы таңдау жасаудың маңызы және қоршаған ортаның теріс ықпалына қарсы тұра білу туралы түсіндірді. Ал спортшы өз тәжірибесімен бөлісіп, өмірлік мақсаттарға жетуде тәртіптің, табандылық пен салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын атап өтті.

Елорда полицейлері студенттерге есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты құқықтық жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ жастардың, соның ішінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы заңсыз әрекеттерге тартылу қаупіне назар аударып, оның салдары жөнінде ескертті.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді талқылап, шақырылған мамандардан нақты жауаптар алды.

Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың өз болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді.

Оқу орындары мен қоғам өкілдерімен бірлескен профилактикалық жұмыстар "Астана – есірткісіз қала" кешенді жоспары аясында алдағы уақытта да жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру