Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астана тұрғыны 30-ға жуық адамды алдады деген күдікке ілінді

Астана қаласының 24 жастағы тұрғыны азаматтарға қысқа мерзімде мол табыс табуға және салған қаражатын еселеп қайтаруға уәде беріп, алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Күдікті әлеуметтік желілерде инвестиция салу арқылы тез әрі мол табыс табуға болатыны туралы хабарландырулар жариялаған. Ол салынған қаражатты екі еселеп қайтаруға уәде берген.

Аталған ұсынысқа Ақтөбе облысының бірнеше тұрғыны да қызығушылық танытқан. Уәде етілген пайдаға кенелеміз деген азаматтар күдіктіге ақша аударған. Жалпы еліміздің әр өңірінен 28 адам алаяқтық әрекетінің құрбаны болған.

Алғашында әйел салымшыларға уәде етілген пайыздық төлемдерді жасап, олардың сеніміне кірген. Алайда азаматтар ірі көлемде ақша сала бастаған кезде төлемдер тоқтатылған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Астана қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы, келтірілген залал көлемі және күдіктінің осыған ұқсас басқа да құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Әсіресе қысқа мерзімде жоғары табыс табуға немесе салынған қаражатты еселеп қайтаруға кепілдік беретін ұсыныстардан сақ болыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру