Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда ақша бермеген тұрғынды ұрып, телефонын тартып алған күдікті ұсталды

Қарағандыда патрульдік полиция қызметкерлері тонау дерегіне қатысы бар күдіктіні бірден ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жәбірленуші – 39 жастағы қала тұрғыны.

Жәбірленушінің айтуынша, оқиға дүкен маңында басталған. Бейтаныс адам одан алкоголь сатып алуға ақша сұраған. Алайда қала тұрғыны өтінішке назар аудармай, үйіне қарай бет алған. Сол кезде әлгі адам оның соңынан қуып жетіп, мұрнынан ұрған. Кейін қолындағы телефонын тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Оқиға туралы хабар түскен соң патрульдік полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын және тұрғылықты мекенжайын анықтады. Көп ұзамай ол ұсталды. Күдікті жақын маңдағы үйлердің бірінде тұратын 36 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты.

Тексеру барысында оның бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс үшін сотталғаны анықталды. Ұрланған телефон тәркіленіп, заттай дәлелдеме ретінде іске тіркелді.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру