"Есірткі жасырушы": Атырауда тұрғындардың азаматтық белсенділігі тексерілді
Атырауда "Есірткі жасырушы" әлеуметтік эксперименті өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп әлеуметтік эксперимент ұйымдастырды.
Қаланың адам көп шоғырланатын орындарында өткен экспериментке "Жас қорғау" жастар қозғалысының еріктілері қатысып, есірткі заттарын жасыру әрекетін имитациялады.
Эксперимент барысында кейбір тұрғындар күдік тудырған әрекетті байқап, мән-жайды анықтауға тырысты. Бұл олардың қоғамдық қауіпсіздікке бейжай қарамайтынын көрсетті.
Сонымен қатар тұрғындарға есірткі заттарын немесе күдікті әрекеттерді байқаған жағдайда не істеу керектігі түсіндіріліп, профилактикалық жадынамалар таратылды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әр азаматтың сергек көзқарасы мен белсенді азаматтық ұстанымы маңызды.
