Қызылордада көліктен телефон ұрлаған күдікті құрықталды
Қызылордада көліктен телефон ұрлаған күдікті құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкерлері көліктерді, олардың қосалқы бөлшектері мен құралдарын ұрлау және айдап әкетудің алдын алу мақсатында «Автокөлік» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр.
Іс-шара аясында Қызылорда қалалық полиция басқармасының Ақсай полиция бөліміне 21 жастағы қала тұрғыны жеке меншік үйінің алдында тұрған Daewoo Nexia автокөлігінің ішінен Samsung Galaxy A20 телефоны ұрланғандығы жөнінде арызданды.
Хабарлама келіп түскен сәттен бастап криминалды полиция бөлімшесінің қызметкерлері қылмысты ашуға бағытталған қажетті шараларды жүзеге асырды. Бейнебақылау камераларын және телефон алып-сататын дүкендерді тексерді.
Нәтижесінде, осы қылмысты жасаған 29 жастағы күдікті анықталды. Ол телефонды сатып, ақшасын өз бас пайдасына жаратқан. Ұрланған телефон иесіне қайтарылды.
Қазіргі таңда бұл дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қызылордалық полицейлер ұрлық қылмысының алдын алу үшін жеке мүліктеріңізге сақ болуды ескертеді.