СҚО полицейлері үш айдың жұмысын қорытындылап, басымдықтарды белгіледі
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде үш айда атқарылған жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері қаралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігінде жуырда болған алқа жиналысынан кейінгі жедел кеңеске облыстық полицияның басшылығы, басқармалардың бастықтары, батальондардың командирлері қатысты. Сонымен бірге аудандық полиция бөлімдерінің басшылары мен жеке құрамы бейнеселекторлық режимде қосылды.
Солтүстікқазақстандық полиция бөліністерінің жедел-қызметтік жұмысының бірінші тоқсандағы нәтижелері және алдағы кезеңге арналған басымдықтар туралы полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин баяндады. Ол жалпы облыс бойынша жедел жағдай тұрақты екенін атап өтті. Өңірде жалпы құқық бұзушылықтардың тіркелуі 19%-ға азайған. Сондай-ақ ауыр қылмыстарды тіркеу 14%-ға және аса ауыр қылмыстарды тіркеу 23%-ға төмендегені байқалады. Алайда кейбір аумақтық бөліністер қылмыстарды тіркеудің өсуіне жол берген: Тайынша – 17%-ға, Уәлиханов – 9%-ға және Тимирязев ауданының полиция бөлімі – 7%-ға. Аумақтық бөлімшелердің жұмысындағы нақты кемшіліктер атап өтілді, бұдан бөлек проблемалық тұстарды шешу жолдары белгіленді.
Жедел кеңестің екінші сұрағында полиция бөліністеріндегі тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйі қаралды. Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Арман Атанов бұл жұмыстың тұрақты бақылауда екенін хабарлады. Басқарманың жедел уәкілдері мен жеке құрам бойынша инспекция қызметкерлері тәртіпті бұзу фактілерінің алдын алу бойынша кенеттен рейдтер жүргізеді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу да ерекше назарда.
Жедел кеңестің соңғы сұрағы көші-қон қызметіне қатысты болды. Бұл туралы көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов баяндады. Жыл басынан облыста көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2706 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 204-і – шетелдіктер. Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов көші-қон заңнамасын бұзу фактілерінің алдын алуға ерекше назар аударуды тапсырды. Солтүстік Қазақстан облысы шекаралас аймақ болғандықтан, өңір арқылы үлкен транзиттік ағын өтеді.
Айдын Қабдұлдинов облыстық аппарат пен аудандық полиция бөлімдерінің басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ мамыр мерекелері қарсаңында облыс тұрғындары мен қонақтары үшін қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барынша шаралар қабылдау тапсырылды.