Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полициясында ерлі-зайыпты полицейлер қызмет етеді

Петропавлдық ерлі-зайыпты полицейлер Серік Әбілғазинов пен Жұлдыз Мұхамадиева 2010 жылы курсант болып жүрген кездерінде танысқан. Серік әскери институтта, Жұлдыз ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында оқып жүрген. Оқуды аяқтағаннан кейін екеуі де ел астанасына қызмет атқаруға түскен. Бірақ әскери өмір мен полиция қызметінде «романтикалық шаққа» уақыт болмады. Дегенмен 2014 жылы әскери бөлімнің рота командирінің орынбасары мен Астана қаласы Сарыарқа ауданы полиция басқармасының тергеушісі шаңырақ көтерген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кейін Серік қызмет бабымен туған жері Петропавл қаласына ауыстырылды. Көп ұзамай Жұлдыз да жарының соңынан ілесіп келді. Абылғазинов тұрғылықты мекенжайын ғана емес, қызмет орнын да ауыстырып, өзінің жинаған тәжірибесімен солтүстікқазақстандық полицияның қатарын толықтырды. Қазір ол СҚО ПД аппаратының инспектор-психологы, алғы шепте қылмыспен күресіп жүрген қызметкерлерге қолдау көрсетіп, дайындайды.

Полицейлер отбасы үш ұл тәрбиелеп келеді. Оларды өсіруге Серіктің анасы көмектеседі. Ерлі-зайыптының екеуі де қызметтерін бар ынтамен атқарып, тапсырмаларды уақытылы орындауға тырысады. Ал демалыс күндерін үйде ата-аналарын тағатсыздана күтіп отыратын ұлдарына арнайды. Отбасының негізгі хоббиі – спорт. Өйткені отағасы дене шынықтыруға өте жауапты. Әкелерінің бұл ісін Ұлан, Сұлтанәлі және кішкентай Мұхамедәзиз де қолдайды. Отанасы Жұлдыз да бұл спорт түрінен қалыс қалмауға тырысады. Демалыс күндерін отбасылық кроссқа арнау дәстүрге айналған.

– Бірлігі жарасқан отбасы – мықты мемлекет. Бұл біздің ұранымыз. Әлемнің көптеген елімен бірге Қазақстан да Отбасы күнін атап өтеді. Мереке күні отандастарымызға бір-бірін сүйіп, құрметтеуді тілеймін, өйткені бірлік пен өзара түсіністік – бұл тек отбасының ғана емес, біздің Отанымыздағы қоғамның құндылықтары, – дейді Жұлдыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру