Астанада жолды лаймен ластаған құрылыс компаниясы жауапқа тартылды
Астанада жолды лаймен ластаған құрылыс компаниясы жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада абаттандыру талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді. Құрылыс жұмыстары қаланың тазалығына кері әсер етпеуі тиіс.
Қалада құрылыс нысандарының маңын таза ұстау талаптарын бұзу деректері әлі де кездеседі. Атап айтқанда, кейбір ұйымдар жолдың жүру бөлігін лай мен топыраққа ластап, оны дер кезінде тазаламайды.
Осындай жағдайлардың бірі Мұхамедханов көшесінде анықталды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген компания жолды лаймен ластап, аумақты уақытында тазаламаған. Бұл қаланың санитарлық жағдайына кері әсер етіп қана қоймай, жол қозғалысына қатысушыларға да қолайсыздық туғызады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік материал рәсімделді.
Жыл басынан бері елордада абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 38 мыңнан астам құқық бұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қабылданған.
Полиция құрылыс ұйымдарын белгіленген талаптарды қатаң сақтауға, құрылыс алаңдарынан жолға лай мен топырақтың шығуына жол бермеуге және ластанған аумақты уақтылы тазалауға шақырады.
