Астанада адасқан екі бала аман-есен табылды
Астанада адасып кеткен екі баланы іздеуге полиция қызметкерлері жұмылдырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қазан күні кешкі уақытта полицияға 11 және 14 жастағы екі баладан көмек сұраған хабарлама түсті. Олар елорданың шетіндегі ашық далада адасып кеткендерін және өз беттерінше жол таба алмай отырғандарын жеткізген.
Белгілі болғандай, балалар биік шөп пен қалың өсімдіктер өскен аумақ арқылы қалаға қарай бет алған. Алайда жол бағдарынан жаңылып, кері қайтар жолды таба алмаған.
Балаларды іздестіру үшін полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен еріктілерден құралған топ жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстарына қызметтік іздестіру иті мен арнайы техника да тартылды.
Іздестіру тобы балалар болуы мүмкін аумақтарды жіті тексерді. Нәтижесінде екі бала да табылып, ата-аналарына аман-есен тапсырылды.
Балалардың заңды өкілі бала тәрбиесі мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері балалармен профилактикалық әңгіме өткізіп, ересектердің еріп жүруінсіз бейтаныс жерлерге барудың қауіпті екенін түсіндірді. Сондай-ақ балаларға өздерінің қайда баратынын және жүретін бағытын ата-аналарына алдын ала хабарлап отыру қажеттігі ескертілді. Қауіпті жағдайға тап болған кезде сабыр сақтап, дереу көмекке жүгінудің маңыздылығы айтылды.
Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, олардың қайда жүргенін және қозғалыс бағытын бақылап отыруға шақырады. Сонымен қатар балаларға бейтаныс жерлерде қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыру қажеттігін ескертеді.
