Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорған әкімі Ұлттық ұланның жас сарбаздарымен кездесті

Талдықорған қаласының әкімі Ұлттық ұланның жас сарбаздарымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5514 әскери бөліміне барып, әскери қызметшілердің қызмет жағдайымен танысты. Сондай-ақ оқу пунктінде әскери даярлықтан өтіп жатқан жас сарбаздармен кездесіп, оларға ізгі тілегін жеткізді.

Сапар барысында қала әкімі әскери бөлімнің күнделікті қызметімен танысып, екінші жедел мақсаттағы ротаның жұмысын ұйымдастыру, жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.

Бұдан бөлек, Ернат Бәзіл әскери борышын өтеу кезінде ерлік көрсетіп, III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған қатардағы жауынгер Айбат Амановқа арналған естелік бұрышты аралады. Мұнда ержүрек жауынгердің ерлігі мен өнегелі өмір жолын насихаттау, есімін ұлықтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар таныстырылды.

Кездесудің негізгі бөлігі оқу пунктінде әскери даярлықтан өтіп жатқан жас сарбаздармен әңгімелесуге арналды. Қала әкімі Отан алдындағы борышты өтеу – үлкен жауапкершілік пен абыройды талап ететін міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ сарбаздарды әскери тәртіпті қатаң сақтауға, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет етуге шақырды.

Кездесу барысында әскери даярлықтағы белсенділігімен, үлгілі тәртібімен және жауапкершілігімен көзге түскен алты жас сарбаз қала әкімінің марапатына ие болды. Атап айтқанда, қатардағы жауынгерлер Әлихан Әлішер, Әлихан Толымбеков, Қайрат Сатывалды, Балғымбек Бітімбай, Рамазан Мусаев және Бекарыс Тоқтар марапатталды.

Мұндай құрмет жас сарбаздардың әскери қызметке деген ынтасын арттырып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға жігер береді. Сонымен қатар әскери ортада тәртіптілік, жауапкершілік пен өзара қолдау қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.

Қала әкімінің әскери бөлімге сапары жергілікті атқарушы органдар мен Ұлттық ұлан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, әскери қызметшілерге қолдау көрсетуге және жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру