Алматы полициясында Тәлімгерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті
Жиында жеке құрамды тәрбиелеу, қызметтік тәртіпті нығайту және аға буынның кәсіби тәжірибесін жас қызметкерлерге жеткізу мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиынға Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Молдияр Оразалиев, Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов, ішкі істер органдарының ардагерлері мен кеңес мүшелері қатысты.
Отырысты ашқан Молдияр Оразалиев тәлімгерліктің жас қызметкерлердің кәсіби тұрғыдан қалыптасуы мен адамгершілік қасиеттерін дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ардагерлердің көпжылдық тәжірибесі, қызметтегі беделі мен жеке өнегесі жас полицейлердің бойында жауапкершілікті, антқа адалдықты, заң мен азаматтарды құрметтеуді қалыптастыруға ықпал етеді.
Өткен кезеңде Тәлімгерлер кеңесі мүшелерінің қатысуымен жеке құрамды патриоттық тәрбиелеуге және қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған 21 кездесу өткізілді. Тәлімгерлер полиция бөлімшелеріндегі тәрбие жұмыстарына, білім беру ұйымдарында “Жас сақшы” патриоттық сыныптарын ашу рәсімдеріне, сондай-ақ қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткіштердің ашылуына қатысты.
Бұдан бөлек, ардагерлер аудандық полиция басқармалары мен бөлімдеріне барып, басшылықпен және жеке құраммен кездесіп, рухани-адамгершілік пен патриоттық тәрбиеге бағытталған іс-шараларға қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Молдияр Оразалиев жас қызметкерді тәрбиелеу кәсіби дағдыларды меңгертумен ғана шектелмейтінін айтты. Оның пікірінше, принципшілдік, қарым-қатынас мәдениеті, азаматтарға құрметпен қарау және қызметтік міндетті жауапкершілікпен орындауға дайын болу да аса маңызды.
— Тәлімгерлік дегеніміз – білім мен қызметтік тәжірибені жеткізу ғана емес. Ең алдымен, бұл – жеке өнеге арқылы тәрбиелеу, өмірлік дұрыс бағыт қалыптастыру және қабылданған шешімдер үшін жауапкершілікті сезіндіру. Бүгінгі жас қызметкер – ертеңгі тәжірибелі маман, болашақ басшы. Сондықтан ортақ міндетіміз – оның кәсіби маман болып қана қоймай, заң мен қоғамға адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуына көмектесу, – деп атап өтті Молдияр Оразалиев.
Отырыс барысында ішкі істер органдарының қызметіне заманауи технологияларды енгізу, жұмыс үдерістерін цифрландыру және ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалану мәселелері де қаралды.
Жиынды қорытындылаған Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов жеке құраммен жүргізілетін тәрбие жұмысына ардагерлерді тартудың маңызын атап өтіп, тәлімгерлік жүйесін одан әрі дамыту қажеттігін жеткізді.
— Полиция қызметкерінің кәсіби қалыптасуы оқу мен тәжірибелік дағдыларды меңгеруден ғана басталмайды. Қызметтік тәртіп, жеке жауапкершілік, азаматтарға құрмет және ішкі істер органдарының жоғары миссиясын түсіну де үлкен рөл атқарады. Бұл ретте ардагерлердің тәжірибесі мен буындар сабақтастығының орны ерекше. Тәлімгерлер кеңесінің жұмысын жүйелі түрде жалғастырып, жеке құрамды тәрбиелеуде нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүдделіміз, – деді Айдын Кабдулдинов.
Отырыс қорытындысы бойынша Тәлімгерлер кеңесімен өзара іс-қимылды нығайту, полиция бөлімшелеріндегі тәрбие жұмысын кеңейту және жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуына ардагерлердің әлеуетін белсенді пайдалану қажеттігі атап өтілді.
