Түркістан облыстық полиция департаменті мен университет арасында меморандумға қол қойылды
Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы барып, меморандумға қол қою рәсіміне қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалпы еліміздегі студенттерге сапалы білім беру мен барлық сала бойынша білікті мамандарды даярлау үшін қауіпсіз жағдай жасау – ең өзекті мәселе. Ал бұл шараның басты мақсаты – полицейлер мен жастар арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, қылмыссыз қоғам құру жолында жұмыла әрекет ету, ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар мұнда түрлі мемлекеттен келген жастар білім алатынын ескеріп, олардың достық қарым-қатынасын нығайтып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
– Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті облысымыздың ғана емес, Қазақстанның ең үздік білім беру орындарының бірі деп есептеймін. Мұндағы әрбір студент еліміздің болашағы, өсіп-өркендеуінің кепілі. Сондықтан бүгінгі Түркістан облысы ПД мен университет арасында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумды толығымен қолдаймын, – деп атап өтті М.Қабденов.
Университет ректоры Жанар Темірбекова оқытушылар мен студенттер атынан алғысын білдіріп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді. Кездесу соңында Түркістан облысы ПД бастығы М.Қабденов университет мұражайына барып, құрметті қонақтар кітабына естелік жазбасын қалдырды.