Елорда полицейлері ұрлыққа қатысы бар күдіктіні «ізін суытпай» қолға түсірді
Елорда полицейлері ұрлыққа қатысы бар күдіктіні «ізін суытпай» қолға түсірді. Күдікті киім бутигінен 10 футболканы қолды кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға елордалық ЖШС өкілі хабарласып, белгісіз біреу киім бутигінен тауар ұрлағанын айтып арызданған. Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұрлық жасады деген күдікпен 30 жастағы елордалықты «ізін суытпай» ұстады.
Тергеу барысында ер адамның кешкі уақытта Тұран даңғылында орналасқан сауда, ойын-сауық орталығындағы киім сататын бутиктердің біріне келгені анықталды. Сауда залында ешкімнің бақылап тұрмағанын пайдаланып, ол 10 футболканы жасырын сөмкесіне салып, дүкеннен шығып кеткен. Дүкеннен олжамен шыққан қаскүнем әрі қарай басқа да бутиктерді аралап жүрген жерінен тәртіп сақшыларына ұсталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған ер адам мойындау көрсетпелерін берді, оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.