Ақтауда “Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі” тақырыбында марафон өтті
Ақтау қаласында Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен “Заң мен тәртіп — қауіпсіз қоғамның негізі” атты спорттық марафон өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты — қоғамда заң мен тәртіп қағидатын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды спортқа баулу.
Марафонға полиция департаментінің басшылық құрамы мен қызметкерлері, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің студенттері, сондай-ақ спорт саласының өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылуында Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмас Мұқан қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың тәртіпті, төзімділік пен бірлікті қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Жарыс барысында қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай үш санатқа бөлініп, жүгіруден өзара бақ сынасты. Марафон қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, барлық қатысушыға арнайы медальдар табысталды.

Аталған спорттық шара полиция қызметкерлері мен жастар арасындағы байланысты нығайтып, салауатты өмір салтын дәріптеуге және қоғамда заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
