Түркістан облысының полицейлері 7 заңсыз ойын бизнесін тоқтатты
Түркістан облысының полицейлері 7 заңсыз ойын бизнесін тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заңсыз ойын бизнесі қызметінің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қарқынды жұмыс жүргізіп келеді.
Мәселен, ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментімен бірлесе атқарылған жедел-іздестіру шаралары барысында Түркістан облысының Сарыағаш қаласында Bingo37, Keno, Fortuna және басқа да форматтағы компьютерлік ойындар қызметтерін ұсынған алты ойын нүктесінің заңсыз қызметі тоқтатылды. Жедел уәкілдер заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың бірі, жергілікті тұрғынды ұстады.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары Түркістан қаласында да заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер мен Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері бірлесіп, қалалық автовокзалдардың бірінен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған ер адамды ұстады.
Қазіргі уақытта осы факті ҚР ҚК-нің 307-бабы 1-бөлігі (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.