Павлодар облысында WhatsApp арқылы порнографиялық бейнежазбаларды таратқан азамат анықталды
Павлодарлық полицейлер «STOP-трафик» жедел алдын алу іс-шарасын қорытындылады. Іс-шара барысында WhatsApp арқылы порнографиялық бейнежазбаларды таратқан ауыл тұрғыны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқықтық тәртіп сақшылары монша кешендерін, сауналарды, қонақ үйлерді, жалдамалы пәтерлерді, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарын, ауыл шаруашылығы алқаптары мен құрылыс объектілерін мәжбүрлі еңбек, адамдарды ұрлау және пайдалану үшін заңсыз бас бостандығынан айыру фактілерін анықтау үшін тексерді. Нәтижесінде ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсетумен айналысатын 23 тұлға анықталды.
Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды.
– Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында 200 пайдаланушыдан тұратын WhatsApp мессенджер тобында порнографиялық мазмұндағы бейнематериалды жариялау фактісі анықталды. Жедел уәкілдер бұндай бейнелерді таратқан 1964 жылы туған ауыл тұрғынын анықтады. Факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 311-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Психологиялық-криминалистикалық сараптама тағайындалды, – деді Павлодар облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Ғабит Қабдрахманов.