ШҚО-да колонияға ішімдік өткізбек болған өскемендік азамат құрықталды
ШҚО-да колонияға ішімдік өткізбек болған өскемендік азамат құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ ҚАЖК №22 мекемесінің бақылау-өткізу пункттерінің бірінде заң бұзушылық болды. Сотталған досына қысқа мерзімді кездесуге келген ер адам газдалған сусын бөтелкесіндегі алкогольді мекемеге кіргізбек болған. Яғни, кездесуге келген азаматтың сөмкесінде қоңыр және мөлдір түсті төрт пластикалық бөтелке, сондай-ақ тәттілер болған. Алайда ол ойлағанына жете алмады. Мекеме қызметкерлері жеке заттарын тексеру кезінде жоғары градустық сусынды бірден анықтаған.
Ер адам тәртіп сақшыларын алкогольді газдалған минералды су деп қабылдайды деп ойлаған. Алайда бөтелкеден алкогольдің иісі шығып, аталған заттар тәркіленді. Танымал сусын сараптамаға жіберілді. Айта кетейік, биыл бұл тыйым салынған заттарды мекеме аумағына әкелуге тырысқан алғашқы факт емес.
Тағы бір дерек ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің орта қауіпсіздік мекемесінде болған. Облыстың 33 жастағы тұрғыны омыраудағы баласы және анасымен бірге түрмедегі жұбайымен ұзақ кездесуге келген. Ол әкелген сәлем-сауқатты тексеру барысында жеке гигиена заттарының арасында телефон мен SIM-карта тәркіленді. Әйелдің айтуынша, ол заттардың арасында телефон бар екенін ұмытып кеткен. Осылайша ШҚО бойынша ҚАЖД-ға қарасты №17 мекеменің тексеру қызметкерлері тыйым салынған заттарды колонияға әкелу әрекетінің кезекті фактісінің жолын кесті.
Осы факт бойынша тыйым салынған заттарды режимдік аумаққа беру әрекеті бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Екі факт бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Екі кездесу де жүзеге аспады. Заң жүзінде тоқтатылды.