Елордада үй алуға көмектесемін деп 36 тұрғынды алдап кеткен күдікті қамауға алынды
Елордада үй алуға көмектесемін деп 36 тұрғынды алдап кеткен күдікті қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада 38 жастағы әйел мемлекеттік органдар мен банктегі көптеген байланыстарын желеу етіп, азаматтардың сеніміне кіріп, мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға көмектесемін деп уәде берген. Әйел өз қызметін таныстары арқылы ұсынған.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынынды. Алаяққа сенген 36 жәбірленуші полицияға арызданды.
Мәселен, Сарыарқа ауданының полиция басқармасына елорда тұрғыны келіп, алаяқтықтың құрбаны болғанын хабарлады. Өткен жылдың желтоқсан айында елордадан пәтер алу сылтауымен әйел 13,5 млн теңге сомасында оның ақшалай қаражатын иемденген. Ұсталған әйел алаяқтық жасағанын мойындады.
Оған қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ оның елорда аумағында осындай басқа да қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Полиция атап өткендей, осы баптың санкциясында егер күдіктінің қылмысы дәлелденсе, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.