Тараздық полицейлер бір үйдің жоғалған үш баласын тапты
Тараздық полицейлер бір үйдің жоғалған үш баласын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 шілде күні сағат 00:34-те Тараз қаласы ПБ кезекші бөліміне облыс орталығының шағын аудандарының бірінде кәмелетке толмаған екі ұл бала мен бір қыз баланың үйден кетіп қалғаны туралы арыз келіп түсті.
Тексеру кезінде балалардың ата-анасының тиісті бақылауында болмағандығы, яғни балаларды 15 жастағы үлкен ағаларына тапсырып кеткендігі анықталды. Балалар үйден сағат 14:00-де сыртқа серуендеуге шығып кетіп, содан оралмаған.
Ағасы бауырларын өз бетінше іздеуге тырысқан, бірақ оларды таба алмағандықтан полицияның көмегіне жүгінген.
Кәмелетке толмағандарды іздестіруге 500-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Полицияның барлық кешенді күштері мен нарядтары бойынша бағдарлар жіберілді. Іздеу шараларына еріктілер де қосылды.
– Біз барлық ауруханаларды дереу тексердік, балалар тұратын үйді, сондай-ақ жатақханалардың жанында пәтерлерді араладық. ІІО-да есепте тұрған азаматтар тексерілді. Оларды тірі және сау табу бірінші кезектегі міндет болды, – деді Жамбыл облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.
Нәтижесінде полицейлер жүргізген үздіксіз іздеу шаралары оң нәтиже беріп, кәмелетке толмағандар табылды. Оларды патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала шегіндегі «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументінің жанында ұйықтап жатқан күйінде тапты. Балалардың айтуынша, олар үйден тыс жерде ойнап жүріп, адасып кеткен.
– Жаз айында кәмелетке толмағандар көбінесе ата-аналарының назарынан тыс қалады. Балалар мектептен тыс, ал ата-аналар жұмыс та болады. Балаңыздың не істеп жатқанын, қайда уақыт өткізетінін, кіммен сөйлесетінін әрқашан білу маңызды. Қадағалаусыз жүрген балалар қауіпті жағдайға ұшырайды және көбінесе қылмыстық және азғындық әрекеттерге ұрынады, – дейді ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта іздеуде болған балалар үйлеріне аман-есен оралды.