Жамбыл облысында қылмыс саны 21%-ға төмендеді
Жамбыл облысының полиция департаментінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен 6 айдағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары қаралған кеңейтілген кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облыстық ПД бастығы өз баяндамасында атап өткендей, бірінші жартыжылдықта жалпы қылмыстың саны 21%-ға төмендеген. Кісі өлтіру (31%), тонау (12,5%), ұрлық (33%), автокөлікті айдап әкету (19%), бұзақылық (6%) деректері былтырғыдан қарағанда аз тіркелген. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі артты. Қылмыстың барлық санаттарының ашылуы жақсарды. Интернет-алаяқтық деректерінің саны 41%-ға төмендеді.
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстарға жеке тоқталғым келеді. ЖКО саны 36%-ға қысқарды. Оң статистикаға қарамастан, мәселе өзекті болып қала береді. 189 мың құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді. 324 жүргізуші мас күйінде ұсталды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзудың 8500 фактісі тіркелді, – деді ПД бастығы.
Мал ұрлығының тіркелуі 2,1%-ға төмендеп, олардың ашылуы 22,3%-ға жақсарған. 44 мал ұрысы ұсталды, 6 қылмыстық топтың жолы кесілді. Кеңеске қатысқан аудандық полиция бөлімдерінің бастықтарына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, иесіз малға арналған арнайы қора-жайлар жасау мәселелерін шешу тапсырылды. Үй жануарларын чиптеу және таңбалау жұмыстары да әлсіз жүргізілуде. Арманбек Баймурзин ҚР ішкі істер министрлігінің ел Президентімен бекітілетін азаматтық қоғаммен бірлесе қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тұжырымдамасы әзірленгенін хабарлады. Тұжырымдама аясында ішкі істер органдарының жұмыстың «күштік» моделінен азаматтармен өзара іс-қимылдың «сервистік» моделіне көшуі жүзеге асырылады. Өңір басшысы жергілікті билік тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Облыс әкімі жол-көлік оқиғалары, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың, есірткі қылмыстарының алдын алу бойынша жұмыстарды жетілдіруге назар аударды және жедел-қызметтік жұмысты жандандыру мен кемшіліктерді жоюдың маңыздылығын атап өтті. Кеңес соңында Нұржан Нұржігітов қызметте ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттады. Екі полиция бөліміне – Тараз қаласы ПБ 2-полиция бөлімі және Сарысу аудандық полиция бөліміне 6 айдың қорытындысы бойынша жақсы көрсеткіштері үшін компьютерлер жинағы табысталды.
Дәл осы күні алғаш рет «Киберпол» интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жобасы таныстырылды. «Киберпол» тобы тергеушілерден, жедел уәкілдерден және криминалистерден тұрады. Енді компьютерлік технологиялар саласында білімі бар мамандар заманауи зертханада интернет-алаяқтар қылмыс жасайтын бағдарламаларды анықтайтын болады.