Биыл Павлодар облысында жасөспірімдердің қатысуымен болған 17 қылмыс тіркелді
Биыл Павлодар облысында жасөспірімдердің қатысуымен болған 17 қылмыс тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров Павлодар облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ата-аналардың кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекеттері үшін жауапкершілігі туралы айтты.
“Полицияның қазақстандық сервистік моделі” пилоттық жобасын іске асыру барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық полицияның ерекше назарына алынды. Соңғы 7 айдың қорытындысы бойынша, кәмелетке толмағандар арасында 17 қылмыс тіркелген. Қылмыстың негізгі түрлері ұрлық, алаяқтық, тонау, зорлау, ұрлау, денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру болған. Қылмыс жасаудың себебі – ата-ананың тарапынан бақылаудың болмауы.
ҚР Конституциясына, “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне, “Бала құқықтары туралы” Қазақстан Республикасының заңына сәйкес балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-аналардың табиғи құқығы мен міндеті болып табылады.
Кәмелетке толмағандардың әкімшілік жауапкершілігі 16 жастан бастап, ерекше жағдайларда ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы (Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша 14 жастан бастап соттың құзыретіне жатады.
Аталған кезеңде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 178 ата-ана, балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және тұрғын үй-жайлардан тыс жерде болғаны үшін 1610 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасағаны үшін ата-аналар мен оларды алмастыратын адамдар ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 3-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша автоматты түрде жазаға тартылады.
Бұдан басқа, ӘҚБтК-нің 409-бабы (Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша балаларды оқыту жөніндегі міндеттерден жалтарғаны үшін ата-аналардың жауапкершілігі көзделген.
Аумақты аралау барысында, егер бала тәрбиеленетін отбасында антисанитариялық жағдайлар фактісі анықталса, оның дамуы мен білім алуы үшін жағдайлар болмаса – ата-аналар ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша іс қозғалады.
Жыл басынан бері кәмелетке толмаған адамдардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүргеніне жол бергені үшін 40 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жазаға тартылды.
Айта кету керек, екі және одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер полиция органдарына есепке қойылады.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның өтініші бойынша қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмауына байланысты, оларға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған қылмыстардың екі фактісін жасағаны үшін сот девиантты мінез-құлықты, оның ішінде ерекше ұстау режимі бар балаларға арналған арнаулы білім беру ұйымдарына жіберу туралы шешім шығарады.
Соңғы үш жылда 36 жасөспірім арнайы мектеп-интернатқа жіберілді, ал екеуі ерекше режимде ұсталды.