Алматы полициясы интернет арқылы алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады
Алматы полициясы интернет арқылы алаяқтық жасаған 29 жастағы ер адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері анықтағандай, 29 жастағы О.есімді азамат алаяқтық жолмен жәбірленушілерді алдап, ақшасын алған.
Ол сату сайттарында Ресейде жасалған көліктерді сатып алу туралы хабарландырулар орналастырған.
– Бір қызығы, сатушылар “сатып алушының” тауардың ақшасын сәл кейінірек толық төлеуге уәде берген сөзіне сенген. Осы уақытта, іскер азамат, көлікті тұтастай немесе бөлшектеп арзандатылған бағамен қайта сатып үлгерген. Қазіргі уақытта біздің бөлімшеде осындай алты дерек тіркелді. Басқа эпизодтарды жоққа шығармаймыз. Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Медеу аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімінің бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.