Тұрағы жасырын, жорығы құпия жауынгерлер
Ішкі істер министрлігі осымен қатарынан үшінші жыл «Погонды журналист. Полицейдің бір күні…» жобасын өткізіп жатыр. Осыған дейінгі материалдарымызда атап өткендей, бұл жобаның негізгі мақсаты – тәртіп сақшыларының қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметін төртінші билік өкілдері арқылы халыққа кеңінен көрсету. Осы байқау аясында Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының тілшісі жұртқа қызық әрі жұмбақ, экраннан көп көріне бермейтін елордалық жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметі жайлы толық біліп қайтты.
Полиция қызметкерлері туралы сөз қозғағанда жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері бірден еске түседі. Қимылы шапшаң, соққысы жойқын, ісі тыңғылықты, көздегенін қалт жібермейтін сұр мергендер ғана жиналған арнайы жасақта қызмет ету әрбір азамат үшін мақтаныш. Алайда бұл сапта бой көрсетуге ниет білдірушілерге қойылатын талап қатаң. Кез келгеннің аталмыш жасақта қызмет етуге қауқары жете бермейді. Сол себепті Астана қалалық полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағында тек кіл мықтылар іріктелген.
«Погонды журналист» жобасы аясында мен де нысанды форма киіп, мықтылардың мықтысы жиналған жасақ қызметкерлерімен бірге жұмысымды таңғы саптан бастадым. Рота командирінің орынбасары Рустем Булатов мені жұмыс барысымен таныстырып, маған тәлімгерлік етті.
Полиция подполковнигі Булатовтың айтуынша, жауынгерлер берілген тапсырманы мүлтіксіз орындау үшін барын салады. Керек кезде басын бәйгеге де тігеді. Бір күнде түйгенім – қателікке жол бермейтін қызметкерлерге артылған міндеттің жүгі ауыр. Жасақ жауынгерлерінің тұрағы жасырын, ертеңгі жорығы құпия. Бұл қызмет – асқан сақтықты қажет етеді. Жұмыста қаталдық, табандылық пен шыдамдылық керек-ақ. Айтпақшы, темірдей тәртіп бәріне ортақ. Бұл қызмет адамды жынысқа бөлмейді. Осындай талапқа ерлермен қатар жаны нәзік болса да, қайсарлығы бір төбе аруларымыз да сай болып жүр. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың әйелдер взводы жайлы, батыл қыздармен бірге нысананы қалай көздегенім жөнінде сәл кейінірек тоқталамын. Алдымен бұл арнайы жасақтың мақсаты қандай екенін жаза кетейін.
Міндет пен мақсат
Мемлекеттің басты байлығы – адам. Бесіктегі сәбиден еңкейген қарияға дейін әрбір жанның құқығы қорғалу керек. Ел амандығы – Тәуелсіз Қазақстанның айнасы. Осы көріністің артында басқа-басқа тәртіп сақшыларының зор еңбегі жатыр.
– Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің басты міндеті – қазақстандықтардың тыныштығына жауап беру. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығын қорғау, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ бұйрыққа сай лаңкестік іс-әрекеттердің жолын кесу, ұйымдасқан қылмыскерлерге тоқтау қою. Иә, осының бәрі ЖҚАЖ жауынгерлерінің міндетіне кіреді. Ең қиын тапсырмалар да бізге жүктелген. Міндет көп болғанымен мақсат – бір. Бүтін бір мемлекеттің тұтқасын берік ұстауға ат салысу. Еліміздің амандығы жолында кірпік қақпай қызмет ету – абырой, – дейді тәжірибелі полиция қызметкері Рустем Булатов.
Өмірі қауіпке толы жауынгерлерге күн, түн демей шақырту келуі мүмкін. Әрдайым қызметке сақадай сай дайын болу керек. Жұмысқа қашан да кәсіби көзқараспен қарайтын қоғам тыныштығының күзетшілері мұны бір сәтке де естен шығарған емес. Мұндай қауырт қызмет оларды жалықтырмайды. Себебі бұл жұмысқа кез келген жағдайда еңсесін тік ұстайтын үздіктер таңдалған.
– ҚР заңнамасына сәйкес, жауынгерлер жұмысқа қабылданар алдында ішкі істер органдарында бірнеше жыл қызмет ету керек. Осыдан соң ғана жедел қимылдайтын арнайы жасақта қызмет етуге мүмкіндік бар. Одан бөлек спорт шебері немесе осы атаққа кандидат болу шарт. Яғни, арнайы жасақта қызмет етемін деген азаматтың бойында физикалық дайындық, спортқа деген бейімділік болуы шарт. Қызметкер жасақтың бір мүшесі атанбас бұрын толық медициналық тексерістен өтеді. Кейін заң аясындағы және логикалық сұрақтардан тұратын тест тапсырады. Біздің жұмыс қиын болғандықтан жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қызмет етемін деген азаматтың психологиялық тұрғыда бір қалыпты екені міндетті түрде тексеріледі. Содан соң жұмысқа жаңа тағайындалған қызметкерге тәлімгер тағайындалады. Ол жұмыстың барлық қыр-сырын үйретеді, – деді спикер.
Еліміздегі кең ауқымды мәдени, спорттық іс-шаралар арнайы жасақ қызметкерлерінсіз өтпейді. Үлкенді-кішілі жиындарда тәртіпсіздіктің алдын алып, қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету үшін айбынды жауынгерлер жұмылдырылады. Кейде тіпті жұмыстың күшейтілген түріне ауысады. Сондықтан қызметкерлер үнемі ізденіс үстінде жүреді. Олар ешқашан бір орында тұрып қалмайды. Себебі бұл жасақ миллиондаған қазақстандықтың қорғаны. Елге лайық қорған болу үшін, біліктілікті арттыру мақсатында полигонға да жиі барады. Спикер айтып өткендей, мұндай оқу-жаттығудың бәрі заң жүзінде бекітілген кестеге сай жүргізіледі.
Мен қазақ қыздарына қайран қалам
Осыдан 4 жыл бұрын елімізде жедел қимылдайтын арнайы жасақ құрамы қыздармен толықты. Бүгінде ерлермен қатар елдің тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін 100-ден астам ару бар. Оның 25-і осы Астана қаласында ел амандығы жолында бел жазбай қызмет етіп келеді.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтағы әйелдер взводын құрудағы басты мақсат – халықаралық канондарға сай әйел қылмыскерлерді ұстау. Қылмыс жасаған әйел ұсталған жағдайда оны изоляторға жеткізуге де осы қыздар қатысады. Қоршаған ортаның қауіпсіздігіне бас-көз болып жүргендердің қатарында отбасының ұйытқысы болған аналар да жетерлік. Солардың бірі – Аңсаған Шаяхметова. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция капитаны Аңсаған әйелдер взводы ашылғаннан бері осы жасақта.
– Мен 2019 жылдан бері осы жасақтың бір мүшесімін. Жұмыс таңғы сағат 08:30-дан басталып, 18:30-да аяқталады. Физикалық форманы қалыпта ұстау үшін тұрақты түрде дене шынықтыру, атыс сабақтарына қатысамыз. Жылына екі рет сынақтан өтіп тұрамыз. Біздің жұмыс көп адамға қиын болып көрінуі мүмкін. Иә, біздің қызметте күш керек, шымыр болу керек. Алайда жұмысыңды жан тәніңмен істесең, қиындығын ұмытып кетесің. Мен үйде аяулы жар, ардақты анамын. Қызметім отбасыма қиындық тудырған емес. Жұмысты тиянақты жасауға да, отбасыма жеткілікті көңіл бөлуге де үлгеремін, – дейді погон таққан аруымыз.
Ер адамдар табиғатынан ауыр салмақты еркін көтеруге бейім келеді ғой. Әйел взводындағы қызметкерлер шынымен де шеттерінен мықты дерсің, осалын іздеп таппайсың. Оған салмағы 10 келіден асатын брон желетті кигенде көзім анық жетті. Үстіңдегі ауыр желетпен жүгіру, нысананы көздеп оқ ату оңай емес. Бірақ Аңсаған бұл үрдіске әбден машықтанған. Оқ ату залында тәжірибесі жоқ, өмірінде қолына қару ұстап көрмеген маған нысананы қалай көздеу керек екенін үйретті. Көбімізге қалыпты болып көрінетін тапанша мен автоматты ұстаған сәтте жауапкершілікті сезініп, шалыс басуға құқың жоқ екенін бірден ұғасың. Ал бұл мұндағы барлық қызметкер үшін үйреншікті рәсім.
Ішкі істер органдарындағы менің бір күндік қызметім Аңсағанның әріптестерімен бірге жаттығу залында жалғасты. Бұл жерде біз қоян-қолтық ұрыс тактикаларын жетілдіру бойынша жаттығулар жасадық. Тынымсыз еңбектің арқасында спорттық сайыстарда топ жарып жүрген жауынгерлерден сабақ алу мен үшін осы күннің ең динамикаға толы сәті болды. Қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберіне үміткер Аңсаған жеңіске жетелейтін әдіс-тәсілдерді көрсетуді ұмытпады.
Жасақ жауынгерлері күштерін шыңдаумен ғана шектеліп қалмайды. Олар үшін арнайы дәрістер, семинарлар, психологиялық тренингтер де ұйымдастырылып тұрады.
Антқа адал, сертке берік
Шынында да жылдам қимылдайтын арнайы жасақттағы алып жауынгерлердің қоғамдағы орны айрықша екеніне ешкім талас тудыра қоймас. Ел тыныштығына қауіп төнген сәтте алғашқылардың бірі болып осы қызметті атқарып жүрген азаматтар оқиға орнына бірден жетеді. Бірақ олар ешқашан қызметтің ауырлығын айтып, шағымдануды ойламайды. Себебі бұл жауынгерлер үшін мемлекеттің қауіпсіздігі маңызды. Осы қызметті ер-азаматтармен қатар алып жүрген погон таққан нәзік жандыларды бүгінгінің Әлиясы мен Мәншүгі дерсің. Бойларында қайраты мен қайсарлығы тасыған аруларымыз бір-бір шаңырақтың қолдаушысы болса, қызметте халықтың қорғаушысы. Табиғаттан берілген даралығын бертін келе даналықпен толықтырған осындай батыр аруларымыз еліміздің жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет етіп келеді.
Погонды журналист болған күні бұл сапта тек антына адал, еліне қамқор жауынгерлер қызмет ететініне көз жеткіздім.
Тәртіпке бағынғанның құл болғанын көрген жан баласы жоқ. Ендеше, біздің амандығымыз жолында жан қиюға дайын жауынгерлердің қызметіне құрмет көрсетіп, тәртіпке бағынып жүрейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Суреттерді түсірген Медет Әшірбеков