Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі заттарын жеткізу арналары жойылды
Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі заттарын жеткізу арналары жойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ есірткіге қарсы іс-қимыл департаментінің және БҚО ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы операция жүргізу барысында өңіраралық қылмыстық топтың Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі заттарын жеткізу арналарын жойды.
Қылмыстық топ Алматы, Шымкент, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының 8 тұрғынынан құралған. Олар Орал және Ақтөбе қалаларындағы азық-түлік дүкендері желісі арқылы көкнәр өнімін сатумен айналысқан.
Қылмыстық топқа қатысушылардың әрқайсысына тиісілі жұмыстары болған: Шымкент қаласының тұрғыны – ұйымдастырумен айналысса, Алматы қаласының тұрғыны – есірткі заттарын жеткізуші, ал қалғандары есірткі заттарын азық-түлік дүкендері арқылы сатумен айналысқан.
Азық-түлік дүкендерін тінту кезінде есірткі заттары, еріткіш заттары салынған қораптар, граммен өлшенетін электронды таразылар табылып, тәркіленді. Сондай-ақ әр дүкенде қаражаттың кіріс және шығысын есептеуге арналған касса журналдары табылды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 994 қап қосынды қосылған көкнәр сабағы, 10 қораптан астам еріткіш заты, 5 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражат, қымбат бағадағы 4 жеңіл автокөлігі (қылмыстық әрекеттен түскен қаражатқа алынған), DAF жүк көлігі тәркіленді.
Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген көкнәр сабағының жалпы салмағы 1,635 келі 257 граммды құрайды.
ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі (Ұйымдасқан топты немесе қылмыстық ұйымды құру), ҚР ҚК-нің 262-бабы 2-бөлігі (Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу), ҚР ҚК-нің 2018-бабы 1-бөлігі (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)) және ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша БҚО полиция департаментімен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.