ШҚО полицейлері жүргізуші құқығынан айырылып, қайта көлік тізгіндеген үш мас жүргізушіні ұстады
ШҚО полицейлері жүргізуші құқығынан айырылып, қайта көлік тізгіндеген үш мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері профилактикалық іс-шара өткізу барысында бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған, көлікті мас күйде басқарған үш ер адамды ұстаған.
Мәселен, Алтай қаласында орта деңгейдегі мас күйде ВАЗ-2101 автокөлігін тізгіндеген 45 жастағы тұрғынды тоқтатқан. Осыған ұқсас факті Риддер қаласында орын алған. Қала көшелерін патрульдеу кезінде орта дәрежелі масаң күйде көлік басқарған 51 жастағы тұрғын ұсталды. Тексеру барысында екі жүргізушінің де көлік құралдарын басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны анықталды.
Облыс орталығының 38 жастағы тұрғыны өмір бойы көлік басқару құқығынан айырыла отырып, қайтадан орта дәрежелі масаң күйде рульге отырған.
Қазіргі уақытта аталған автокөліктер мамандандырылған автотұраққа қойылды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр.