“Құқықтық тәртіп” ЖПІШ: жамбылдық полицейлер 12 мас жүргізушіні ұстады
Жамбылдық полицейлер рейдтің бірінші күнінде мас күйдегі 12 жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасының басты мақсаты – заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ кез келген ұсақ құқық бұзушылықтарға төзімді болу.
Іс-шараны өткізу барысында учаскелік инспекторлар өздерінің әкімшілік аумақтарында пәтерлер мен аулаларды аралап шықты. Тексеру кезінде ҚР ішкі істер органдарында есепте тұрған 339 адам қамтылып, олармен белгіленген шектеулерді бұзудың 14 дерегі анықталды.
Сондай-ақ полицейлер 3 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты, оның ішінде 172 абаттандыру ережелерін бұзу, 27 ұсақ бұзақылық, 85 алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу, 86 кәмелетке толмағандардың түнде ойын-сауық орындарында және ересектердің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болу деректерін анықтады.
Іс-шара барысында полицейлер көлік құралдары жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережесін бұзушылықтарын анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізді. Мысалы 163 жүргізуші жылдамдық режимін бұзғаны, 15 жүргізуші бағдаршамның тыйым салу белгісінен өткені үшін жауапқа тартылды, ал 198 жаяу жүргіншіге қатысты жолдың белгіленбеген жерден өткені үшін хаттама толтырды.
Мәселен облыс орталығының көшелерінің бірінде полиция қызметкерлері жол ережесін бұзғаны үшін Toyota автокөлігін тоқтатты. Тексеруден кейін жүргізушінің мас күйде екендігі анықталды. Көлік ішінде әйелі мен үш жас баласы болған.
Аталған факті бойынша құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ер адам 15 тәулік мерзімге қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
Рейдтің бірінші күні мас күйде 12 жүргізуші ұсталды, олардың көліктері арнайы тұраққа қойылды.