Алматыда ҚАЖД мекемесіндегі сотталғанға әкелінген палаудан телефон шықты
Алматыда ҚАЖД мекемесіндегі сотталғанға әкелінген палаудан телефон шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті №72 мекемесінде тергеу-қамауындағылар мен сотталғандардың пайдалануына тыйым салынған заттарды анықтау жүйелі түрде жүргізіледі. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері 18 телефон, 181 800 теңге, 7,7 литр спирттік ішімдік анықталып, Sim-карта, USB-шнур, қуаттағыш құрал тәркілеудің 31 фактісі тіркелді.
Аталған уақыт ішінде тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасағаны үшін 41 адамға хаттама толтырылып, Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Жазалау шараларына қарамастан тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет ету фактілері толастамай отыр. Мысалы жуырда сәлемдемені қабылдап-тапсыру бөлмесінде Алик деген азаматтың әкелген палауының ішінен Redmi телефоны мен сим-карта табылды.
Бір өкініштісі заңгерлердің өзі осындай заңсыз әрекеттерге барады. Жыл басынан бері күдіктілер мен сотталғандарға тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет еткен 2 адвокат ұсталды.