Елордалық полицейлер ойын-сауық мекемелерінің иелерімен кездесті
Алдағы жаңа жылдық мерекелер қарсаңында елордалық полиция департаментінің қызметкерлері жергілікті бизнес қоғамдастық өкілдерімен ауқымды кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алдағы жаңа жылдық мерекелер қарсаңында елордалық полиция департаментінің қызметкерлері жергілікті бизнес қоғамдастық өкілдерімен ауқымды кездесу өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – криминогендік жағдайды тұрақтандыру және елорданың ойын-сауық орындарында тиісті құқықтық тәртіпті сақтау.
Аталған кездесу құқық қолдану тәжірибесінің проблемалық мәселелерін талқылау және оны бірлесіп шешу үшін ашық диалог форматында өткізілді. Кездесуге қатысу үшін қалалық әкімдіктің бейінді басқармасының қызметкерлері мен Amanat өңірлік партиясының өкілдері шақырылды.
Жиын барысында криминалдық полиция басқармасының, жергілікті полиция қызметінің, сондай-ақ күзет қызметін бақылау бөлімінің басшылары баяндама жасап, түнгі мекемелерге тән қылмыстардың статистикалық деректерін айтып, қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастыққа шақырды.
Кәсіпкерлер өздерінің кезекті сұрақтарын қойып, тәртіп сақшыларымен жұмысты ұйымдастыру бойынша бірқатар ұсыныстар мен ескертулерін білдірді.
Полицейлер мен ойын-сауық мекемелерінің иелері тығыз өзара іс-қимыл жасау және қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтарды болдырмау жөнінде шаралар қабылдау туралы шешім қабылдады.