Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында кәмелетке толмағандарға темекі мен ішімдік сатқаны үшін сатушылар жауапкершілікке тартылды

Үш күн ішінде Алматы облысында кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатудың 13 дерегі және темекі өнімдерін саудалаудың алты дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Естеріңізге сала кетейік, «Жасөспірім» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы 2020 жылғы 17-19 шілде күндері өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – ойын-сауық мекемелерінде, түнгі уақытта үйлерінен тыс жерлерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген және алкогольдік ішімдіктерді қолданатын жасөспірімдерді анықтау, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды заңға қайшы әрекеттерге жетектейтін ересек адамдарды анықтау.

– Жұмысты тиімді және нәтижелі өткізу үшін шараға білім беру органдары, жергілікті атқарушы органдар, ата-аналар комитеті және ішкі істер органдарының басқа да қызметтері жұмылдырылды. Сондай-ақ, қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандарды анықтау мақсатында балалардың, жасөспірімдердің және қоғамға қарсы бағыттағы адамдардың жиналатын орындары тексерілді. Нәтижесінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жүрген кәмелетке толмағандар, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға тыйым салынған өнімдерді сатқан тұлғалар анықталды. Оларға қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 133-бабына (темекі және темекі өнімдерін 18 жасқа толмаған тұлғаларға сату), сондай – ақ аталған кодекстің 200-бабына (алкоголь өнімдерін сату бойынша ҚР заңнамасының талаптарын бұзу) сәйкес хаттама толтырылып, әкімшілік заңнама нормалары қолданылды, – деп хабарлады Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бағдат Әшімов.

Үш күн ішінде ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзушылықтар үшін 403 жасөспірім жеткізілді. Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде барлығы 573 ойын-сауық нысаны, 156 кафе, 65 компьютерлік клуб, 222 сауда нүктесі, 130 жертөле және т. б. орындар тексерілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру