ІІМ басшысы Солтүстік Қазақстан облысының полицейлерімен кездесті
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында өңірдің Полиция департаментіне барып, жергілікті тәртіп сақшыларымен кездесті. Шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты. Кездесуде түрлі мәселелер көтеріліп, әрбір аудан мен ауылдағы криминогендік ахуалға көңіл бөлінді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Ашық әрі маңызды кездесуге елордадан арнайы келген қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Ведомство басшысы жеке құрамға полицияның халыққа жақын болу керектігін еске салып, ішкі тәртіп пен мәдениетті күшейтіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығы үшін жұмыс істеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар жергілікті әкімдікпен бірге атқарылуы тиіс ортақ мәселелерді де атап өтті.
Айта кету керек, кездесуде тек проблемалық мәселелер көтеріліп қана қоймай, қызметімен көзге түскен сақшылардың аты аталды. Бірде бір қылмыс тіркелмеген, тұрғындармен, әкімдікпен қарым-қатынасты жолға қойған Теңдік пен Қарағай ауылдарының учаскелік полиция инспекторларының жұмысына оң баға берілді.
Қанат Жанғарин – Қарағай ауылының учаскелік инспекторы
Жамбыл Қайыров – Теңдік ауылының учаскелік инспекторы
Марат Ахметжанов Қанат Жанғарин мен Жамбыл Қайыровты әріптестеріне үлгі етіп, көпшілік алдында марапаттады.