Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ командасы әуесқой лигада футзалдан чемпион атанды

ІІМ командасы Қазақстан футбол әуесқойлар лигасы ұйымдастырған футзалдан 2023 жылғы қысқы чемпионаттың жеңімпазы атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Жарысқа 14 команда қатысты. Тәртіп сақшылары 11 матчта жеңіске жетті.

– Қысқы чемпионат үш айға созылды, қаңтар айында басталған болатын. Енді мамыр айында жазғы чемпионат болады. Сол жарысқа да қатысамыз деген ойдамыз, – деді жартылай қорғаушы – ІІМ ақпараттандыру және байланыс департаментінің аға инженері Шалқар Көшеров.

– Ойындар жұмыстан тыс уақытта, сенбі-жексенбі күндері болып тұрды. Бұл сайыста мен алдын басқа командалардың атынан шығып жүрдім. Сол кезде «неге өзіміздің ІІМ командасын шығармасқа» деген ой болды. Міне, бұл біздің бірінші жеңісіміз, – деп атап өтті команда капитаны – ІІМ ақпараттандыру және байланыс департаментінің бас маманы Ербол Нұрсұлтанов.

Команданың қақпашысы Әлібек Темірбеков турнирдің «Ең үздік қақпашы» номинациясын жеңіп алды.

Спортты серік еткен сақшылар полицияның әртүрлі салалық бөліністерінде қызмет етеді. Бос уақыттарында салауатты өмір салтын ұстанып, жетістікке жеткен жас мамандарды ведомствоның басшылығы да назардан тыс қалдырмады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев әріптестерін құттықтап, грамота мен алғыс хаттар табыстады.

– Жеңістеріңіз құтты болсын! Чемпион болу үшін спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын сақтап, ерекше ерік-жігер және жеңіске деген құштарлық қажет, – деді Марат Қожаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру