Екі тұрғын кәріз құдығына түсіп кетті: жағдай полицейдің бейнежетонына түсірілді
Түркістан облысының полицейлері тереңдігі төрт метр болатын кәріз құдығына түсіп кеткен екі тұрғынды аман алып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғынның бірі хабарласып, көмекке шақырады. Әйелдің айтуынша, Ақынбеков көшесі бойындағы канализацияны тазалауға құдыққа түскен қызметкерлер шыға алмай, өміріне қауіп төнген. Хабарламаны алысымен сол аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы Бақытжан Жақсылық пен оның әріптесі Асанхан Сыздықов екеуі шұғыл әрекет етіп, 2-3 минут ішінде жеті көше арыдағы оқиға орнына жетеді.
Полицейлер келгенде тазалықшы қызметкерлер құлап кеткен кәріз құдығының айналасында бірнеше тұрғындар қаумалап көмектеспек болып тұрады. Содан бірден қызметтеріне кіріскен тәртіп сақшылары, тұрғындармен бірге төрт метрге жуық тереңдікке құлағанның бірін жіппен тарту арқылы небары бес минутқа жетер жетпес уақытта шығарып алады. Содан кәріздегі иістен уланған тұрғындар жедел жәрдемдегі дәрігерлерге тапсырылып, ауруханаға жеткізіледі. Бұл жағдайдың барлығы полицейдің бейнежетонына түсірілген.
Белгілі болғандай, кәріз (канализация) тазалауға жұмысқа келген қызметкерлер төменге түскендерінде белдеріндегі жіп үзіліп кетеді. Бірі құдықтың беткі жағында ілініп қалса, екіншісі тереңіне барып бірақ құлаған. Абырой болғанда, бүгінде жансақтау бөліміне түскен екі қызметкердің де жағдайы жақсы.
Ойда-жоқта өліммен бетпе-бет келген Махамбет Рүстемұлы болса:
– Жұмыс барысында осындай жағдай болып қалды. Қиын сәтте дер кезінде келіп, көмек қолын созған полицейлерге алғысым шексіз. Жұмыстары алға бассын!, – деп шынайы ризашылығын білдірді.
Осылайша, полицейлер қиналғанға қолғабыс етіп, азаматтық жасады. Полицейлердің айтуынша, халыққа қандай жағдай болмасын бірінші кезекте көмек көрсету міндеттері. Олар үшін жұртшылықтан алғыс алып, қызметтерін адал атқарудан артық абырой жоқ.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері барлық саланың қызметкерлеріне жұмыс кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, абай болуға кеңес береді.