Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

1 млн-нан астам "синтетика" дозасы және 6 тоннаға жуық прекурсор: Қарағанды облысында ірі есірткі зертханасы жойылды

1 млн-нан астам "синтетика" дозасы және 6 тоннаға жуық прекурсор: Қарағанды облысында ірі есірткі зертханасы жойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Қарасора 2025" жедел алдын алу іс-шарасы аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Арлан" арнайы мақсаттағы жасағымен бірлесіп, облыстық прокуратураның қолдауымен есірткі бизнесіне тосқауыл қойды.

Шахтинск қаласына қарасты Северо-Западный кентінің аумағында орналасқан жасырын зертхананың қызметі тоқтатылды. Онда синтетикалық есірткі өндірілген. Заңсыз айналымнан 6 тоннаға жуық прекурсор мен 35 келі дайын психотроптық зат тәркіленді. Бұл — 1 миллионнан астам дозаға тең, яғни осы мөлшерде улы зат қара нарыққа шығарылуы мүмкін еді.

Операция барысында Шахтинск қаласының 27 және 29 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде олардың тұрғылықты жерінен 355 канистр химиялық зат, ондаған зертханалық құрылғылар (сорғыш жүйелер, индукциялық плиталар, респираторлар және арнайы техникалар), сондай-ақ қылмыстық мақсатта пайдаланылған деп болжанған үш автокөлік тәркіленді.

- Бұл — өңірде анықталған ең ірі есірткі зертханаларының бірі. Мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығына төнген қауіптің жолы кесілді, — деп мәлімдеді Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.

Сонымен қатар қылмыстық схемаға жаңа қатысушылардың, соның ішінде бейбіт тұрғындар арасынан есірткі таратушылардың тартылуына жол берілмеді. Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.-Есірткіге қарсы күрес-басты басымдық.

- Бұл бағытта полиция қатаң, ымырасыз әрі жүйелі түрде әрекет етуді жалғастырады, — деді Негмет Исмагулов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру