1000-ға жуық отбасылық жанжалқой жауапқа тартылды
Атырау қаласында жыл басынан бері отбасылық жанжал шығарған 1000-ға жуық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның 111-і денсаулыққа қасақана жеңіл зиян кетіргендер болса, 91-і ұрып-соғу фактілері бойынша полицейлердің назарына іліккен.
Айта кетейік, «Отбасылық жанжал» санатына жататын құқық бұзушылықтар «102» операторына жиі тіркеледі.
Бұл құқық бұзушылықтар көп жағдайда азаматтардың алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс тұтынуы салдарынан туындайды. Сондай-ақ, тұрмыстық салада заңсыз әрекеттер жасауға бейім адамдардың көбі жұмыс істемейтін отбасылардың мүшелері немесе ішкі істер органдарының есебінде тұрған тұлғалар болып табылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырған әйелдер полиция қызметкерлерінен құқықтық тұрғыда қажетті кеңестер алады. Олардың қазіргі тұрмыстық жағдайы мен мекенжайлары бойынша үнемі тексеріліп, кездесулер ұйымдастырылып тұрады.
Мысалы, 26 желтоқсан күні «102» операторына Сатпаев көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұратын 27 жастағы әйел хабарласып, некедегі 27 жастағы күйеуінің алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін жанжал шығарып, соның салдарынан қолын жарақаттағаны туралы хабарлама берген.
Аталған хабарлама бойынша азаматшаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бір айға қорғау нұсқамасы шығарылып, некедегі жолдасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен үш тәулікке қамауға алынды.
– Алдағы уақытта 27 жастағы азамат учаскелік полиция қызметкерлерінің бақылауында болады. Қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған жағдайда 30 тәулікке қамауға алынатындығы ескертілді, – дейді Атырау қаласы Полиция басқармасының әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Самал Супалиева.