17 мал ұрлығы ашылды
Маңғыстау облысы аумағында малды ілеспе құжаттарсыз тасымалдау фактілерінің жолын кесу, қылмыстың алдын алу және ашу бойынша рейдтік іс-шаралар өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға полицейлерден бөлек жергілікті атқарушы органдар мен ветеринария мамандары қатысты.
Жыл басынан бері мал ұрлығының 9 дерегі тіркелген (2019 жылы – 34), мал ұрлықтары 73,5%-ға төмендеген.
Қазіргі таңда мал ұрлығының 17 дерегі ашылды, оның ішінде 5 мал ұрлығы 2020 жылы тіркелген, қалған 12 мал ұрлығы өткен жылдары жасалған.
Мысалы, Қарақия ауданында үш адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталып, бұрын жасалған мал ұрлығы дерегі ашылды. Сонымен қатар кезекші тәулікте тіркелген екі мал ұрлығы ашылды.
Атап айтқанда Жыланды тауында жайылып жүрген жылқыны аңшы қаруымен атып алып, ұрлап келе жатқан азамат автокөлігімен ұсталды.
2020 жылдың 10 айында 37 мың 780 бас малға чип қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.