Ақмола полицейлері далада адасып қалған үш тұрғынды іздеп тапты
Ақмола полицейлері далада адасып қалған үш тұрғынды іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері ауа райының қолайсыздығынан Зеренді ауданына қарасты Ақкөл ауылының үш тұрғыны далада жоғалып кеткен. Әйелдер мал бағып жүрген, бірақ басталған жел мен боран оларды елді мекеннен алыстатып жіберген. Ауыл тұрғындары үйлеріне оралмағандықтан, уайымдаған туыстары мен ауылдастары іздеу жүргізе бастады, бірақ оң нәтиже болмады.
Полиция бөліміне әйелдердің жоғалғаны туралы өтініш түскен бойда полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, қызметтік автокөліктер жұмылдырылды.
Өтініш түскеннен соң уақытылы қабылданған шаралардың арқасында, біраз уақыттан кейін жоғалған әйелдер Ивановка ауылының маңынан табылды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты әйелдер өз ауылынан 10 шақырымдай қашықтыққа кетіп қалған. Қазіргі уақытта ауыл әйелдері үйде, олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.