19 жастағы жігітке ішімдік сатқан павлодарлық жауапқа тартылды
19 жастағы жігітке ішімдік сатқан павлодарлық жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заңдылықты бұзған сауда ұйымдары әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
– Павлодар қаласының аумағында мас күйінде жасалған қылмыстардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізуде, – деп хабарлады ювеналдық полицияның аға инспекторы Әсия Әлкеева.
Мысалы, Орталық полиция бөлімінің қызметкерлері Академик Марғұлан көшесіндегі дүкендердің бірінде 19 жастағы жігітке ішімдік сату фактісін анықтады. Тексеру кезінде дүкен иесінің алкоголь өнімдерін сатуға лицензиясы жоқ екені белгілі болды.
Аталған факті бойынша 61 жастағы дүкен иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлімі бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жолданды. Тәртіп сақшысы аталған дүкеннен алкоголь өнімдері алынғанын атап өтті.
Жылдың басынан бастап Павлодар полицейлері кәсіпкерлік немесе өзге қызметпен айналысқан, сондай-ақ тиісті рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей, іс-әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін 118 сауда нүктелерінің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.