2 ер адам бұзақылығы үшін жауапқа тартылды
Шымкент қаласында екі ер адам шу шығарып, тұрғынға және полиция қызметкеріне тіл тигізгені үшін жауапқа тартылды, -деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай ауданы Зерделі көшесі бойындағы үйдің ауласында А. есімді тұрғын досымен бірге қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде отырғанында кездейсоқ өтіп бара жатқан әйелге себепсіз ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Соның салдарынан әйелді қорғауға келген інілері мен олардың арасында дау төбелеске ұласқан.
Абай АПБ ЖПБ №3 тірек пунктінің учаскелік инспекторы бекітілген аумағында ер адамдардың төбелесіп жатқаны туралы хабарлама алып, оқиға орнына келген учаскелік инспектор төбелесіп жатқан адамдарды ажыратып, өзімен бірге полиция пунктіне баруын сұраған.
Алайда А. есімді ер адам және оның досы полиция қызметкерінің заңды талабына қарсылық көрсетіп, бағынудан бас тартқан. Бұған қоса қызметтік міндеттерін атқару кезінде билік өкіліне балағат сөздер айтып, ар-намысына тіл тигізген.
Жауап алу барысында А. алкогольді ішімдік ішкендіктен, полиция қызметкеріне қарсылық білдіріп, балағат сөздер айтқанын растаған. Осылайша ол өз кінәсін мойындаған.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 1-бөлігі (билік өкiлiн қорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жәбірленушінің арызы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен (бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Екі ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы (төтенше режимін бұзу) және 440-бабы (алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
А. есімді тұрғын өзінің бейнежазбасында оң қолының сынғанын көрсеткен. Тиісті сараптамалар тағайындалды.