200 адамға той ұйымдастырған сарыағаштық тұрғын жауапқа тартылды
Сарыағаштық полицейлер карантин кезінде 200-ге жуық адамды жинап қыз ұзату тойын жасағандарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш ауданының полицейлеріне жергілікті тұрғынның тойханалардың бірінде қыз ұзату тойын өткізіп жатыр деген хабарлама түскен. Хабар алысымен мобильдік топпен тез арада көрсетілген мекен-жайға жетіп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 200-ге жуық адамды жинап, той істеп жатқандары белгілі болды. Полицейлерден құрылған мобильді топ тойды тоқтатып, той иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша хаттама толтырылып СЭББ-ға жолданды.
Түркістан облысының полицейлері карантин режиміне байланысты эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне орай, карантиннің сақталуын бақылау бойынша іс-шаралар жүргізуді жалғастыруда. Мобильді топтар азаматтардың, сауда және ойын-сауық орындарының, дүкендер мен базарлардың иелерімен, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық көліктерде және көшелерде карантин мен өзін-өзі оқшаулау режимінің сақталуын тексеруде. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілетін болады.