28 жаста алғаш рет туу туралы куәлік алды
Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты Төлеби аудандық пробация қызметінің қызметкерлері сотталған азаматқа туу туралы куәлік алуға жәрдемдесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық пробация қызметкерлері көші-қон полициясы, АХАЖ бөлімі, Халыққа қызмет көрсету орталығымен бірлесіп, жиырма сегіз жылдан бері құжатсыз жүрген сотталғанға туу туралы куәлік алуға көмектесті. Енді жеке куәлік алу жұмыстары жүргізілуде.
Сотталған Төлеби аудандық пробация қызметінің есебіне тіркелгенге дейін туу туралы анықтаманың көшірмесімен жүрген. Михаилдың ата-анасы туу туралы куәлік алудың мерзімі өтіп кеткеннен кейін, оны жасатуға амал жасамаған. Михаилдың әкесі қайтыс болғаннан кейін, жалғызбасты ана баласының құжатын жасатуға мүлдем уақыты болмаған екен.Михаил бұрын көлік жуу көлік орнында жұмыс істеген болатын. Көлігін жуғызуға беріп кеткен клиенттің жеңіл көлігін жуып болған соң үйіне мініп, барып келмек болады. Жолда көлікті соғып алып, сол жерге тастап қашып кетеді. Төлеби аудандық сотының шешімімен 200-баптың 1-бөлігі бойынша екі жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сотталған адамға бүкіл мерзім ішінде жүз сағаттық мәжбүрлі еңбекті орындау міндеттелді.
– Біз пробация қызметіне тіркелуге келген әрбір адамның құжаттына назар аударамыз. Михаилдың қолында туу туралы анықтаманың көшірмесі ғана болатын. Дүниеге келгелі бері туу туралы куәлік алмаған азаматты көріп, өзім де таңқалдым. Құжатсыз жүрген жігітке алдымен туу туралы куәлік алып беруге бірден кірістік. Учаскелік инспектор Михаилдың көршілерінен «Тану» парағын алды. Сол қағазбен АХАЖ бөліміне барып қажетті құжаттарды тапсырып, құжатты рәсімдеуге төленетін қаражатын төлеп бердік. Оның құжаты екі күннің ішінде дайын болды. Қазіргі таңда, ол Түлкібас ауданына қоныс аударғандықтан, сол ауданның пробация қызметіне ауысты. Енді жеке куәлігін Түркібас ауданында алады деген сенімдемін, – деді Төлеби аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Асқар Қамбарбаев.
Сотталған туу туралы куәлігін алып, пробация қызметкерлерінің жедел жұмысы үшін алғысын білдірді. Алдағы уақытта сотталғанға жеке куәлік алып бергеннен кейін жұмысқа орналасу үшін жіберілетін болады.
– Мен Төлеби аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Асқар Қамбарбаевқа алғысымды білдіремін. Жиырма сегіз жасқа дейін туу туралы куәлігімді ала алмай жүр едім. Пробация қызметінің қызметкерлері екі күннің ішінде алып берді. Алғысым шексіз. Енді мен Қазақстан азаматтарының бірі болдым. Алдағы уақытта абайсызда жіберген қателігімді қайталамауға тырысамын. Адал жолмен еңбек етіп, отбасыма көмек беремін. Пробация қызметінің арқасында көп нәрсені түсіндім, – деді пробация есебінде тұрған Михаил.