Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер
Polisia.kz сайты су тасқыны кезінде полиция қызметкерлері қалай қызмет етіп жүргенін айтып береді.
Қаланы су бөліп, жұмысқа апарар үйреншікті жол өзен арқылы өтетін кезде, кімнің шынымен қатарда жүргені, нағыз ерлік пен табандылық кімнің бойында екені анық көрінеді. Мұндай сын сәттерде тек қызметтік борыш емес, ішкі тұрақтылық пен адамдық қадір-қасиет айқын білінеді.
Биылғы көктемде Заречный кенті мен Петропавл қаласының арасын тағы да су бөлді. Таңертең және кешке жүздеген тұрғын жұмысқа, оқуға және үйлеріне қайту үшін тәжірибелі төтенше жағдайлар және полиция қызметкерлерінің көмегімен қайықпен қатынап жүр. "Арал" болып қалған аталмыш шағын ауданның тұрғындарының бірі — Петропавл қаласы полиция басқармасы құрамындағы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Айдын Ақмағамбетов.
Қоғамдық және жол қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық жанжалдар, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, есепте тұрған азаматтарды бақылау — бұл ЖПҚБ бастығының күнделікті жұмысының бір бөлігі ғана. Тасқын кезінде су басуы ықтимал аудандардағы қоғамдық тәртіп ерекше назарда болады. Қайықтар тек күндіз жүретіндіктен, кешке қарай соңғы рейске үлгеру оңай емес.
Қаланың шетіндегі гидротораптан ата-ананың үйіне дейін жету үшін жарты сағатқа жақын уақыт кетеді. Моторлы қайықпен су басқан жерден өту үшін шамамен 10 минут қажет. Одан кейін азық-түлік алып, Заречный-2 көшесіндегі көппәтерлі үйдің үшінші қабатына көтерілу қалады. Үйде қызметтегі ұлдарын зейнеткерлер Сайран мен Мақтай Ақмағамбетовтер қарсы алады. Олар үш бала өсірген. Қыздары – ел астанасында, үлкен ұлдары да полицияда қызмет атқарып, капитан шенінде зейнетке шыққан — жол полициясында қызмет атқарған. Кенжелері Айдын қазір полиция подполковнигі.
- Айдынымызбен мақтанамыз. Қызметі аса жауапты. Кей уақытта тәулік бойы жұмыста болады. Кейде қатты уайымдаймыз, өйткені ол қауіпті учаскелерде әрқашан қызметкерлерінің алдында жүреді. Біздің Айдын – адамдардың тыныштығы үшін, көшелер қауіпсіз болуы үшін қызмет атқарып жүр, - дейді ата-анасы.
Айдын Ақмағамбетов — кәсіби офицер, ішкі істер органдарында 2000 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жергілікті полиция қызметі бөлімінде оның жетекшілігімен учаскелік инспекторлар, патрульдік және ювеналдық полиция қызметкерлері, сондай-ақ қазіргі су тасқыны аймағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген сақшылар қызмет атқаруда. Таңертең Айдын тағы да Заречный кентінің тұрғындары – жұмысшылармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, мемлекеттік қызметкерлермен және студенттермен бірге қайыққа мініп, жұмыс орнына аттанады.
Полиция — бұл мемлекеттік қызметтің жай ғана құрылымы емес, бұл – біздің арамыздағы қарапайым адамдар: көршілер, достар, отбасылары үшін тер төгіп, тынбай еңбек етіп жүрген әкелер, кезекшіліктен кейін шаршап үйге оралатын кәдімгі азаматтар. Осындай сын сағатта барлығы білек сыбана бірігіп, әрқайсысы өз ісін адал атқарғанда ғана барлық қиындықты жеңуге болады. Күш – бірлікте деп бекер айтылмаған!