Полицейлер елорда тұрғынынан аса ірі көлемде "синтетика" тәркіледі
СҚО-да полицейлер елорда тұрғынынан екінші рет аса ірі көлемдегі "синтетика" тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қараша айында жедел уәкілдер Астана қаласының 25 жастағы тұрғынын 105 грамм синтетикалық есірткімен ұстаған еді. Мұндай жағдайда заң үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қарастырады. Алайда тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдікті тиісті сабақ алмай, қылмыстық әрекетін жалғастырған.
7 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері іссапармен елордаға барған кезде, әріптестерімен бірлесіп, оны қайтадан ұстады. Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру барысында 207 грамм мефедрон тәркіленді.
Бұл жолы күдікті қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Аса ірі мөлшерде есірткі сату фактілері қайталанған жағдайда оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Биыл СҚО-да полицейлер заңсыз айналымнан 5,7 келі синтетикалық есірткі затын тәркіледі.
