48 солтүстікқазақстандық азамат ерікті түрде дактилоскопиялық тіркеуден өтті
48 солтүстікқазақстандық азамат ерікті түрде дактилоскопиялық тіркеуден өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2024 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда паспорт пен жеке куәлікті алған кезде азаматтарды міндетті дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет атқаратын СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері де жаңашылдықтарды енгізуге дайындалуда. Бұл мақсатта арнайы сканерлер қазірдің өзінде орнатылып, сынақ режимінде жұмыс істеуде.
СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбіловтің айтуынша, дактилоскопиялық тіркеу Қазақстанды цифрландыруға арналған бағыттың маңызды бөлігі болып саналады.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміз электрондық үкіметтің даму индексі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында екендігін атап өткен болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның Бірікккен Ұлттар ұйымының ең цифрланған 30 мемлекетінің қатарына кіретінін және біздің азаматтарымызға жеке және жүргізуші куәліктері, диплом сияқты басқа да құжат түрлерін алып жүруге, ұсыну талап етілмейтіндігін атап өтті. Атап айтқанда дактилоскопиялық тіркеу бюрократиялық процестердің қысқаруына айтарлықтай ықпал етеді, – деді Талғат Әбілов.
Мәселен, егер адам құжаттарын жоғалтса (өртте немесе кез-келген басқа жазатайым жағдайда, тіпті шетелде құжаттарын жоғалтса) дактилоскопиялық тіркеу оларға құжаттарды қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл жүйенің арқасында есте сақтау қабілетін жоғалтқан немесе ес-түссіз жағдайда ауруханаға жеткізілген адамның жеке басын оңай анықтауға болады. Осылайша, жаңашылдық адамның мүдделерін қорғауға, оның заңды құқықтарын, денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етуге ықпал етеді. Ең бастысы, бұл заңсыз құжат ресімдеу фактілерін болдырмайды. Бұл ретте Қазақстан азаматтарының дактилоскопиялық ақпараты қорғауға жатады, оған мемлекет кепілдік береді. Деректер қорында тек саусақ іздерінің цифрлық моделі және бірегей идентификатор сақталады. Тегі, аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі сияқты дербес деректері сақталмайды.
Қазіргі уақытта жүйе сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Көші-қон қызметкерлері Халыққа қызмет көрсету орталығына келетін адамдарға дактилоскопиялық тіркеуден өз қалауымен өтуге болатындығын түсіндіруде. 14 қыркүйектен бастап бұл жаңашылдықтан 48 солтүстікқазақстандық өтіп үлгерді.