48 жасар әйелдің зорланғаны жалған болып шықты
Алматы облысының полицейлері зорланғаны туралы жалған ақпарат берген әйелді әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Жамбыл аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК 419-бабы 2-бөлімі бойынша көрінеу жалған ақпарат жеткізу дерегі тіркелген.
48 жасар әйелдің зорланғаны жайында жазылған арызы бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу барысында оның ешқандай зорлық көрмегені анықталды. Өткен жылдың тамыз айында 41 жасар туған інісі екеуінің арасында орын алған жанжалдан кейін, әйел кек алу мақсатында өз інісіне жала жапқан. Оның арызына сәйкес, ер адамға іздеу жарияланған. Інісі өзіне іздеу жарияланғаны жайынынан бейхабар, өз үйінен 120 шақырым жерде шопан болып жұмыс істеген.
Тұрып жатқан жерінде еш байланыстың болмауы, аталған азаматты жедел іздестіруде қиындық тудырды. Азамат табылғаннан кейін , өзінің әпкесінің арызы бойынша іздестірілгеніне таң қалды. Тергеу барысында ол өзінің кінәсіздігін сенімді түрде дәлелдеді.
Көрінеу жалған ақпарат берген күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылды. Енді сот оған аталған қылмысы үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыруды қарастыратын лайықты жаза шарасын анықтайды.