500-ден астам отандық жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды
500-ден астам отандық жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан аумағында пандемияға байланысты мыңдаған шетелдіктер болды, олар өз елдеріне шыға алмады. ІІМ-нің Көші-қон қызметінің көмегімен бұл адамдарға өз жағдайын реттеуге немесе отанына оралуға көмек көрсетілді.
Сонымен қатар барлық шетелдіктер бұл мүмкіндікті пайдаланбады, нәтижесінде еліміздің көші-қон заңнамасын бұзды.
Көші-қон заңнамасын қасақана бұзғандарды анықтау, шетелдіктердің елде болу қағидаларын мүлтіксіз орындауы үшін ІІМ 6-12 желтоқсан аралығында «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді.
Полиция шетелдіктердің шоғырланған тұрғылықты мекенжайлары, сонымен қатар заңсыз шетелдіктердің еңбек күшін тартатын құрылыс объектілер, нарықтар, ұйымдар мен жұмыс берушілер және автокөліктер тексерілді.
Операция кезінде көші-қон заңнамасының 11 906 бұзушылық фактісі анықталды. Оның ішінде 8872-сі шетелдіктердің елде болу мерзімдерін бұзуы, 2809-ы шетелдіктердің еңбек қызметін заңсыз жүзеге асыру фактілері анықталды.
Сонымен қатар, 564 отандық жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, Атырау қаласындағы құрылыс нысандарында тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған 170-ке жуық шетелдік анықталды.
Осындай құқық бұзушылықтар Алматы қаласында, Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында анықталды.
Полицияға шетелдік азамат туралы уақтылы хабарламағаны үшін 4987 жеке және заңды тұлға, қайыр сұрағаны үшін 42 шетелдік жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысының көші-қон қызметінің қызметкерлері пәтерде Қазақстанда болу мерзімдері бұзылған және көрші елге заңсыз кетуге ниеттенген Шри-Ланканың 12 азаматын анықтады.
Сот шетелдіктерге қатысты елден шығару туралы шешім қабылдады, ал шақырушы тарапқа қатысты уақтылы шығу бойынша шаралар қабылдамағаны үшін айыппұл салынды және шығуға билеттер сатып алу туралы нұсқама шығарылды. Шетелдіктерді шақырғандарға шығу бойынша шаралар қабылданбаған жағдайда, қаржы қаражаты сот тәртібімен өндіріп алынатын болады.
Сондай-ақ соттардың көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығарып жіберу туралы 852 шешімі шығарылды. 165 шетелдік елден мәжбүрлеп шығару үшін арнайы қабылдау орындарына қамалды. Елден 239 шетелдік мәжбүрлеп шығарылды.
Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 35 қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде жетеуі мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге және 28 қылмыстық іс шетелдіктерге елімізде заңсыз болуға жәрдем көрсеткені үшін қозғалды.
Іздеуде жүрген 68 қылмыскер, оның ішінде тоғыз ТМД азаматы ұсталды.
Мысалы, Павлодар облысында азаматтықты анықтау үшін құжаттарды қабылдау кезінде көші-қон қызметінің қызметкерінде мемлекеттік қызметті алуға өтініш білдірген адамның іздеуде болуы мүмкін деген күдік пайда болды. Полиция қызметкері соңғы үш жылда қылмыскерлерді іздестіру бойынша бағдарларды көтергенде олардың бірінде осы адам туралы ақпарат болады.
Бұл туралы ол жедел түрде қылмыстық полиция қызметкерлеріне хабарлағаннан кейін іздеудегі қылмыскер ұсталды. Ер адамды Ресей Федерациясының Омбы облысында екі адамды өлтіргені үшін құқық қорғау органдарының іздестіруінде болған және ол осы уақыт бойы Қазақстанның шалғай жерлерінде мал бағып жүрген.
Көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бойынша жұмыс жалғасуда.