Атырауда Халықаралық әйелдер күніне орай жүгіру марафоны өтті
Атырауда Халықаралық әйелдер күніне орай жүгіру марафоны өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Атырау қаласында әйелдер арасында жүгіру марафоны ұйымдастырылды. "Спорт – нашақорлыққа қарсы" ұранымен өткен шараны Run Club Atyrau жүгіру клубы мен Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы бірлесіп өткізді.
Спорттық шараға 18 бен 35 жас аралығындағы 250-ден астам қала тұрғыны қатысып, 3 және 5 шақырымдық қашықтықта бақ сынады. Қатысушылар шапшаңдық пен төзімділіктерін танытып, салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлестерін қосты.
Марафонның басты мақсаты – спорт арқылы қоғамда белсенді өмір салтын дәріптеу, әйелдердің денсаулығын нығайту және оларды бұқаралық спортқа кеңінен тарту.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар алтын, күміс және қола жүлделерге ие болды. Жеңімпаздарға Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Аталған шараға қатысқан Атырау облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айбол Ідірісов марафонның маңыздылығына тоқталып өтті.
— Бүгінгі марафон – нәзік жандардың белсенділігі мен өмірге деген құштарлығын айқын көрсететін игі бастама. Әйелдердің қоғамдағы рөлі ерекше. Олардың денсаулығы мен белсенді өмір салты – отбасының да, қоғамның да берекесінің негізі. Осындай спорттық шаралар арулардың бойындағы күш-жігерін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Барша нәзік жандарды көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын, – деді ол.
