Атырауда 364 дана киік мүйізі тәркіленді
Атыраулық полицейлер 364 дана киік мүйізін тәркіледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
6 ақпан күні жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Атырау облысының ПД қызметкерлері Атырау қаласындағы Геолог ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында жергілікті тұрғындарға тиесілі екі көлік ішінен барлығы 364 дана киік мүйізін тауып, тәркіледі.
"ВАЗ-21014" автокөліктердің бірінен 200 дана киік мүйізі және еш жерде тіркелмеген қос ұңғылы "ТОЗ-16" маркалы аңшы мылтығы табылды. Ал екінші көліктен 164 дана киік мүйізі мен рұқсат құжаттары жоқ 4,5 калибрлі "Байкал МР-512" маркалы қару тәркіленді.
Қазіргі таңда Исатай ауданы мен Атырау қаласының 23 жастағы екі тұрғына қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.