Есірткіні сіріңке қорбанда сақтаған жігіт қолға түсті
Түркістан облысының полицейлері марихуана салынған 70-тен астам сіріңке қорабын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шарасы аясында Келес АПБ-нің полиция қызметкерлері және Түркістан облысы ПД есірткі қылмыстарына қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдерімен бірлесіп, есірткі сақтаған күдіктіні құрықтады.
Келес ауданы тұрғынының үйін тінту кезінде, полиция қызметкерлері оның ауласындағы сарайдан құрамында есірткі тектес заты бар 74 дана сіріңке қорапшасы салынған пакетті тауып, тәркіледі. Айғақты зат ретінде алынған есірткі заты сараптама қорытындысына сәйкес салмағы 500 граммнан асатын «кептірілген марихуана» болып шықты.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі «өткізу мақсатынсыз есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз пайдалану» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Полиция қызметкерлері ер адамның марихуананы қандай мақсатпен сақтағанын анықтауда.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары азаматтарды зиянды әдеттерден және есірткі тұтынудан бас тартуға шақырады. Сондай-ақ, полицейлер есірткі заттарын сақтау және тарату үшін қылмыстық және өзге де жауапкершілік бар екенін ескертеді.